РесмиСайлау

Сайлау: 385 кандидат тіркелді

Биыл 19 наурызда Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтетіні белгілі. Бүгінге дейін облыстағы округтік сайлау комиссияларына кандидаттардан барлығы 712 өтініш түскен. Қазір олардың 385-і депутаттыққа кандидат ретінде тіркеуден өткен.

 Кімдер тіркеуден өтті?

Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлыбек Жүсіповтің айтуынша, биылғы саяси науқан аясында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлау жөніндегі бірмандатты №10 сайлау округі бойынша 24 адамнан, облыстық мәслихат депутаттарын сайлау жөніндегі округтік сайлау комиссияларына 85 адамнан, депутаттарды сайлау жөніндегі қалалық мәслихатқа 155 үміткерден, ал аудандық мәслихаттар депутаттарын сайлауға 448 азаматтан өтініш түскен.

— Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлау жөніндегі бірмандатты №10 сайлау округі бойынша 24 адамнан өтініш түссе, бүгінде оның біреуі заң талаптарына сәйкес еместігі анықталды. Екі кандидат өз еркімен бас тартса, қалған 21 үміткердің 13-і тіркеуден өтті. Облыстық мәслихат депутаттарын сайлау жөніндегі округтік сайлау комиссияларына өтініш берген 85 адамның ішінде үшеуі өз еркімен бас тартса, бір кандидат заң талаптарына сәйкес келмеді. Қазіргі таңда 81 үміткердің ішінде 52-сі тіркеуден өтіп отыр. Қалалық мәслихат депутаттарын сайлау жөніндегі округтік сайлау комиссияларына өтініш берген 155 үміткердің 8-і өз еркімен бас тартса, 147 кандидаттың 100-і бүгінге дейін тіркеуден өтіп үлгерді. Ал аудандық мәслихаттарға келсек, жалпы саны 448 кандидаттың біреуі өз еркімен үміткерліктен бас тартса, біреуі заң талаптарына сәйкес келмеді. Қалған 446 адамның 223-і тіркеуден өтіп отыр, — дейді облыстық сайлау комиссиясының төрағасы.

Нұрлыбек Жүсіпов биыл партиялық тізімдер бойынша облыстық мәслихат депутаттығына «Ақ жол» партиясынан — 5, Amanat партиясынан — 32, «Ауыл» партиясынан — 9, «Байтақ» партиясынан — 6, Қазақстан Халық партиясынан — 5, «Respublica» партиясынан 2 кандидат ұсынылғанын айтады. Бүгінде осы партиялардың ішінде «Байтақ» партиясынан басқасы партиялық тізім бойынша тіркеуден өткен.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауында атап өткендей, егер депутаттар сайлау алдындағы уәделерін тиісінше орындамаған жағдайда халық оларды кері шақырып алу мүмкіндігіне ие болады. Демек, енді «Сайлау туралы» Заңға енгізілген соңғы өзгерістерге сәйкес бірмандатты аумақтық округтер бойынша сайланатын Мәжіліс және мәслихат депутаттары сайлаушылардың сенімін жоғалтса,  сайлауалды бағдарламасын дұрыс орындамаса, олар кері қайтарылады. Бұл жерде нақты шешімді сайлаушылар шешеді. Демек, енді депутаттардың қоғам мен сайлаушылар алдындағы жауапкершілігі артып, жұмысы көбейеді,  — дейді ол.

 

Сайлаушылар нені білуі керек?

Облыстық сайлау комиссиясының алдын ала есебі бойынша бүгінде өңірімізде жалпы саны 562 776 сайлаушы бар. Олардың нақты саны 26 ақпанда белгілі болады. Қазір облыстық және аудандық сайлау комиссиялары сайлаушылардың тізімін нақтылау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Мәселен, облыс орталығында оқитын студенттердің, вахталық әдіспен жұмыс істейтін азаматтардың қай сайлау учаскесінде дауыс беретіндігі алдағы аптада белгілі болмақ.

Нұрлыбек Жүсіповтің айтуынша, бүгінде облыс орталығы мен барлық ауданда Call-орталықтар жұмыс жасап тұр (олардың кестесін қосымша беріп отырмыз — авт.). Егер сіз өз сайлау учаскеңізді білгіңіз келсе, орталыққа хабарласып, барлық ақпаратты білуіңізге болады. Сондай-ақ қазір облыста сайлаушыларға арналған телеграм-бот та жұмыс жасауда.

Айта кету керек, биылғы сайлауда сайлаушылар 5 бюллетень бойынша дауыс береді. Ал мегаполистердің тұрғындары үміткерлерді 4 бюллетеньде дауыс беру арқылы таңдайды. Атап айтсақ, бірінші бюллетеньде Мәжілістегі партиялық тізімдегі саяси партияға, екіншісінде бірмандатты округтен Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидатқа дауыс береді, үшіншісінде облыстық мәслихатқа сайланғысы келетін партиялар тізімі болады. Төртіншісінде осы мәслихаттардың бірмандатты округі үшін кандидаттар ұсынылады. Бесінші бюллетеньде қалалық немесе аудандық мәслихат депутаттығына үміткерлердің есімдері жазылады. Бұл сайлауда сайлаушылардың ұсынылған кандидаттардың барлығына қарсы дауыс беру мүмкіндігі де қарастырылған. Әр бюллетеньде «Бәріне қарсымын» бағаны да бар.

 

Аудандардағы ахуал қандай?

Байғанин аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Қожағали Аққожаның айтуынша, бүгінде аталған аудан бойынша 36 адам депутаттыққа үміткер ретінде құжаттарын ұсынған. Оның 11-і Amanat партиясынан болса, біреуі — «Ақжолдан»,  біреуі — «Ауылдан», біреуі — Қазақстан Халық партиясынан. Қалғаны — өздерін өздері ұсынғандар.

— Байғанин ауданындағы жалпы сайлаушылар саны — 13 941. Қазір сайлаушыларға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. 19 наурызда ауданның 18 жасқа толған әрбір тұрғыны өз учаскесіне барып дауыс бере алады.

Қазіргі таңда мәслихат депутаттығына кандидаттар жарналарын төлеп, тіркеуден өтіп жатыр. Қазіргі күнге дейін 19 кандидат тіркелді, — дейді ол.

Ал Әйтеке би ауданында мәслихат депутаттығына кандидат ретінде 40 адам өз өтініштерін берген. Бүгінде оның екеуі өз еркімен бас тартса, 38 үміткердің ішінде 16-сы тіркеуден өткен.

Әйтеке би аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Самат Таласбаевтың айтуынша, аудандағы сайлаушылардың саны — 13 300.

— Ауданда округтік сайлау комиссиялары жұмыс жасап жатыр. Олар әр ауылға баннерлер іліп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Учаскелік сайлау комиссияларының жұмысы 28 ақпанда басталады. Биылғы саяси науқанда ауданымызда 31 сайлау учаскесі жұмыс істейтін болады, — дейді С.Таласбаев.

 

Сайлаушылар не дейді?

Берік БИСЕКЕНОВ, Ойыл аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы:

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы күздегі Жолдауында 2023 жылы Мәжіліс пен мәслихат депутаттары қайта сайланатынын айтқан еді.

Бұл сайлаудың бұрынғыдан өзгешелігі бар. Осының алдындағы сайлауда Парламент Мәжілісінің депутаттары және әртүрлі деңгейдегі мәслихат депутаттары партиялық тізім бойынша сайланған болатын. Алдағы 19 наурызда өтетін сайлаудың ерекшелігі сол — Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізіммен, ал 30 пайызы бірмандатты округтерден сайланады. Облыстық мәслихат депутаттарының 50 пайызы партиялық тізіммен, 50 пайызы бірмандатты жолмен дауыс жинайды. Ал қалалық және аудандық мәслихат депутаттары тек қана бір мандатты округтерден сайлауға түседі. Бұдан саяси бәсеке күшейеді.

Президенттің әділетті Қазақстан құру жолындағы маңызды қадамдарының бірі де осы. Мемлекет басшысы мәлімдемесінде бұл сайлау науқаны еліміздегі саяси мәдениеттің жоғары екенін айқын көрсетіп, қоғамымызды ұйыстыра түсетінін айтты.

Кандидаттар мен партияларға жеткілікті уақыт беріліп отыр. Сайлау бюллетенінде «бәріне қарсымын» деген бағанның енгізілуі де халықтың пікірін басты назарға алғаны деп білемін.

 

Бақыт ИМАШЕВ, Қарғалы ауданының құрметті азаматы:

— Мемлекет басшысының Қазақстанды өркендету, азаматтарымыздың игілігі үшін қызмет ету жолындағы маңызды реформаларын әрдайым қолдаймын. Халқымыз осы жолы да елімізді жан-жақты жаңғырту бағытындағы жаңа тарихи миссиясын лайықты атқарады деп сенемін.

Әлем тез өзгеріп жатыр. Сондықтан  стратегиялық шешімдерді жедел қабылдауымыз керек. Жаңадан сайланатын депутаттар да жұмысты осы қарқынмен жалғастырып, еліміздің жан-жақты жаңғыруына ерекше үлес қосады деп сенемін.

Мәжіліс пен мәслихат депутаттары еліміздегі ауқымды реформаларды іске асыруға барынша атсалысты. Олар сайлаушылармен жиі кездесу өткізіп, жұртты толғандырған өзекті мәселелердің шешілуіне ұйытқы болды.

Осы жолғы кезектен тыс партиялардың мәжіліске өтуіне қажетті дауыстың төменгі шегі 7-ден 5 пайызға дейін азайды. Бұл да елімізді демократияландыру жолындағы айрықша мәні бар қадамы деп есептеймін.

Демократиялық және орнықты жаңа саяси модельді қалыптастыру Қазақстанның тұрақтылығы мен тұтастығын, оның сыртқы және ішкі сын-қатерлерге қарсы тұру қабілетін арттырады.

Осы тұста баршаңызды азаматтық жауапкершілік танытып, Мәжіліс пен мәслихат сайлауына белсене қатысуға шақырамын.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button